01:51
02 April 2020
Курсы валют
Курс доллара: 448.52
Курс евро: 490.32
Курс рубля: 5.69
Курс юань: 63.23

Құрбан шалудың үкімі

Құрбан шалудың үкімі

24-26 қыркүйек күндері Құбан айт мейрамы. Қазақстан Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы «Айқын» басылымында жарық көрген мақаласында көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

Ал адамзаттың асылы, иләһи елшілердің соңы болған Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) шариғатында құрбан шалу қажылықтағы бір рәсім әрі қажылықтан тысқары мұсылмандар үшін уәжіп құлшылық болып бекітілді. Ғұламалар құрбан шалудың һижраның екінші жылы бекігендігін айтады. Хақ тағала Кәусар сүресінде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деп бұйырған. Сондай-ақ Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары бұл ғибадаттың мәнін сұрағанда: «Құрбан шалу — Ибраһим (а.с.) бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар» деп жауап берген. Осындай айғақ-дәлелдерді алға тартқан ұлы имам Әбу Ханифа құрбан айтта мал шалу шамасы жеткендерге уәжіп деген пәтуа берген.

Негізінде, парыз бен сүннеттің ортасындағы міндетті іс уәжіп үкіміне ие. Мүмкіндігі бола тұра сараңдықтан, не салғырттықтан құрбандық шалмаған мұсылман күнәлі саналады. Өйткені Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Шамасы жете тұра құрбан шалмаған жан намаз оқитын орнымызға жақындаушы болмасын!» деп қатаң ескерткен.

Асылында, Алла тағала шалынған малдың қанына да, етіне де мұқтаж емес. Керісінше, пенделер Оның рахымына мұқтаж. Сол үшін шынайы ықылас-ниетпен мал шалып, Рахманның разылығына ұмтылмақ керек. Бұл жайында Хаж сүресінде былай баяндалған: «Құрбандыққа шалынған малдың еті де, қаны да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».

Құрбан шалу Алла тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан-жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.

Мұсылмандардың ең ұлық мерекесі Құрбан айт баршамызға мүбәрак болсын! Қасиетті мереке Алаш жұртына құт-береке, игілік әкелсін! Жаратқан Иеміз елімізге тыныштық, басымызға амандық, дінімізге беріктік берсін! Әмин!

Дереккөз: 7sunews.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *